ҚазРусEngQaz
Бізді назарда ұстаңыз

Нұрлан Жамалов: «Қазақстан Барысының» абыройы қымбат!

 Енді бірер аптадан соң қазақ күресінің жанкүйерлері еліміздің бас барысын анықтайды. 30 маусым күні «Сарыарқа» велотрегінде сайдың тасындай іріктелген 33 жігіт «Қазақстан Барысы» атану үшін кілемге шығады. Биылғы доданың басты қаһармандары кімдер? Үшінші рет ұйымдастырылатын турнирде бұл жолы қандай өзгерістер болуы мүмкін? Бүгін сол сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 

Қазақ күресінен ұйымдастырылатын «Қазақстан Барысы» турнирі биыл үшінші рет шымылдығын түрді. Бүкілхалықтық сипат алған дода алғаш рет 2011 жылы Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен еді. Тұңғыш рет еліміздің әр аймағынан жиналған 64 балуан еліміздің бас батыры атану үшін барын салды. 9 сағатқа созылған белдесулер нәтижесінде қызылордалық Ұлан Рысқұлдың бағы да, бабы да қатар келген болатын. Финалда тараздық Бейбіт Ыстыбаевты тізе бүктірген Ұлан турнирдің тұңғыш жеңімпазы ретінде тарихта қалды.

2012 жылы турнирдің финалдық сыны «Сарыарқа» велокешенінде дүркіреп өтті. Бұл жолы балуандар саны қысқартылып, финалға 33 балуан жолдама алды. Ал Лондон Олимпиадасына қатысып қайтқан Ержан Шынкеев ешқандай іріктеу сынына қатыспай, ақтық сынға 34-і балуан болып қосылды. Өте тартысты өткен кездесулер нәтижесінде «Тараз арланы» Бейбіт Ыстыбаевтың мерейі үстем болды. Былтыр Ұлан мен Бейбіттің жолы түйіскен жоқ. Бірақ, қатарынан екінші жыл финалға жеткен Ыстыбаев шешуші белдесуде шығыс балуаны Шалқар Жоламановты таза жеңіп, «Қазақстан Барысы» атанды.

Әне-міне дегенше үшінші маусым да басталып кетті. Ақпан айынан бастап іріктеу кезеңдеріне еліміздің бар аймағынан жүз мыңнан аса спортшы қатысқан. Ауыл-аймақ, аудан, облыс көлемінде өткен іріктеу сайыстарында сүрінбеген спортшылардың өнерін енді «Сарыарқа» велотрегінде өтетін финалдық сында таразылаймыз.

Финалда Ақмола облысының намысын қорғайтын Нұрлан Жамалов турнирдің финалына осымен үшінші рет қатысып отыр. Үш мәрте өз облысында қамшы салдырмаған ол бүгінде ішкі істер басқармасында қызмет етеді. Самбодан әлем чемпионатында үздік үштікке ілінген Нұрлан «Екпін» оқырмандарымен өз ойымен бөліскен болатын.

Нұрлан Жамалов, «Қазақстан Барысының» финалына жолдама алған балуан:

- Ең бірінші рет «Қазақстан Барысына» қатысқанымда аз-кем жарақатым болды да, бірінші айналымда-ақ қатардан шығып қалдым. Былтырғы турнирде екі белдесу өткізіп, Руслан Әбдіразақовтан ұпай санымен ұтылдым. Биыл енді үшінші рет бағымды сынап көрмекпін. Әрбір жарыс үлкен тәжірибе сыйлайды емес пе?! Мен де «көре-көре көсем» болып қалдым. Шеберлігімді шыңдадым. Енді биылғы финалда алысқа шапсам деген тілегім бар.

- «Қазақстан Барысында» салмақтың ескерілмегенін білесіз. Аса ауыр салмақтағылармен белдесу қиын соқпайды ма?

- «Күш атасын танымайды» деген сөз бар ғой. Байқасаңыз, биылғы іріктеу сындарында салмағы жеңіл балуандар алыптардың біраз жығып кетті. Мәселен, қызылордалық Айбек Серікбаевтың салмағы 90 келі ғана. Бірақ ол өзінен салмағы ғана емес, атақ-дәрежесі де үлкен Ұлан Рысқұлды ұтып алды. Мен өзім де салмағы ауырлар қатарынан емеспін. Сондықтан, жеңіл балуандардың бабы мен бағы жанса екен деп ойлап жүремін. Себебі, салмағы ауыр жігіттердің жеңіл салмақтағы балуандарды аздап бағаламай қоятыны бар. Барлығын да кілем көрсетеді.

- Турнирдің жеңімпазына берілетін сыйақы қоры да қомақты. Сізді турнирдің атағы қызықтырады ма, әлде жүлде қорының молдығы...

- Білесіз бе, «Қазақстан Барысы» деген атақты 150 мың АҚШ долларына сатып алу мүмкін емес. Мен үшін ғана емес, финалға шыққан барлық балуанның осылай ойлайтынына сенімім мол! Ұлттық күресімізді ұлықтаған жобаның жеңімпазы болуды қазақ күресімен шұғылданатын кез-келген адам армандайды. Сондықтан, жеңімпаз атанудың ақшасынан бұрын, сыйлайтын абыройы мол.

 

Сөз соңында финалда белдесетін балуандар ерекшелігіне бір тоқталып өтсек:

Ең салмағы ауыр балуан — Жұманазар Ерсұлтанов (Оңтүстік Қазақстан облысы). Оның салмағы — 160 келі

Ең жеңіл салмақты балуан — Дәулетхан Жақыпов (Жамбыл облысы). Оның салмағы — 81 келі

Ең бойы ұзын балуан — Рүстем Жұмаев (Солтүстік Қазақстан облысы). Рүстемнің бойы — 198 см.

Ең аласа бойлы балуан — Сұңғат Махамбетов (Батыс Қазақстан облысы). Сұңғаттың бойы — 173 см.

Ең жасы кіші балуан — Мейрамбек Жаңабай (Маңғыстау облысы). 18 жаста.

Турнирдің ең жасы үлкен қатысушысы — Мұрат Кеңтонов (Қостанай облысы). 42 жаста

 Финалға жолдама алған спортшылардың ішінде 2 балуан Олимпиада ойындарына қатысқан. Атап айтар болсақ, Ринат Ибрагимов (БҚО) Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысқан. Сондай-ақ, қарағандылық Ержан Шынкеев те төртжылдық ойындарына табаны тиген спортшы.

 

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры

"Екпін" интернет журналы